Бүгінде 1500 долларға еуропалық ЖОО-ларда оқуға болады. Университетті тәмәмдаған соң жетекші компанияларда жұмыс табу да қиындық тудырмайды. Жалпы, қазір әлемде бірден халықаралық деңгейдегі екі диплом алу – сөз емес. Бірақ тек Қазақстанда емес.
Диплом – сіздің біліміңіздің көрсеткіші. Бұл оны шетелде алған жағдайда. Ал отандық ЖОО бітіргеніңіз — жұмыс беруші үшін асқан біліктілігіңіздің дәлелі емес. Өйткені бүгін дипломды сатып алуға болады (ескерту автордан — кезінде «маған ондай ұсыныс жасалған»). Сатып алмасаң, жекелеген емтихандарды, тіпті, сессияны тапсыруды ақшамен шеше салуға болады. Ол да басымыздан өтті. Міне, сондықтан қазақстандық студенттер сапалы білім алу үшін шетел асуға мәжбүр. Ал ол жақтағы жағдай қандай? Ол жақта қандастарымыз қандай ақшаға, қандай білім алады?
Мәселен, Германия, Франция, Испания, Италияның мемелекеттік жоғары білімі тегін, немесе жылына 1500 доллар тұрады. Мұнда тілді үйреніп, артынан ешбір қиындықсыз Қазақстанда немесе өзге елдегі халықаралық компанияға жұмысқа тұруға болады.
ОЭСР білім беру институтының мәліметтері бойынша, шетелдік студенттердің 15-тен 35-ке дейінгі пайызы диплом алғаннан кейін өздері шетелде, көп ретте, білім алған елде жұмыс істеуге қалады. Бұл былтыр ЕО-да 15-24 жас шамасындағы иммигранттар арасында жұмыссыздықтың 24% (өте жоғары деңгей) болғанына қарамастан.
Жекелеген дамыған мемлекеттер білім берудің белгілі бір саласында көшбасшы болып саналады. Сондықтан осы елдердегі жетекші ЖОО-лардың дипломы сіздің жұмысқа кіріп, еңбек жолыңызды сенімді бастауыңыздың 100% кепілі болып табылады. Дегенмен, неміс университеттерінде біздікілерді тек өздерін жақсы жағынан көрсете білген құрылыс пен инженерлік істі оқытумен шектелмейді. Олар сондай-ақ бизнесті, құқықты, гуманитарлық пәндерді (мәселен, «компьютерлік лингвистика» сияқты экзотикалық пән) оқытады.
Швейцария бізге мектептері мен ЖОО-ларымен емес, көбіне банктерімен белгілі. Алайда, дәл осы Швейцария университеттері әлемге Нобель сыйлығының ондаған лауреаттарын сыйлады. Халқының саны 7,28 млн адамды құрайтын елде оқушылар мен студенттер саны 1,1 млн-нан асады. Бұл елде оқу үшін жылына ең көбі 2600 доллар төлейсіз. Алайда оқуға түсу үшін тапсыратын емтихандар талабы өте күшті.
Қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды бағыт — Чехия. Карл университеті, Праганың, Брно қаласының көркемөнер мектептері мен өзге қалаларында қазір бес мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда, Олар көбінесе гуманитарлық ғылымдар, шет тілдері, халықаралық қатынас, бизнеске қатысты мамандықтар бойынша оқиды. Оларда оқу бағасы шамамен 1500 доллар тұрады.
Білім алудың ең оңтайлы жолдарының бірі Солтүстік Кипр ЖОО-ларында оқу деседі (жылына шамамен 4000 доллар), сондай-ақ, олардың қатарына Венгрия, Болгария сияқты бұрынғы социалистік елдерді де жатқызуға болады (жылына 4000 доллардан бастап 11 000 долларға дейін). Бұл елдердің басты артықшылығы — виза алу соншалықты қиын емес, әрі білім сапасының жоғары деңгейі мен оқу бағасының қолжетімділігі.
Еуропалық ЖОО-лар рейтингінде Австриялық университеттердің де беделі жоғары. Вена, Зальцбург және Грац университеттерінің кейбір факультеттері — Еуропа бойынша үздік саналады. Білім нысандарының сапасы, ресурстары мен оқытушылар құрамының сапасын бүкіл әлем мойындайды. Ол жерлерде оқу құны жылына 3000 доллардан бастап 20 000 долларға дейін жетуі мүмкін.
Жалпы, Австрия өзге елдерден келетін студенттерді қуана қарсы алады. Мұны статистика да дәлелдей түседі: елдегі ЖОО-ларда оқитын студенттердің үштен бір бөлігі — шетелдіктер.
Неміс тілін білмейтіндер үшін Вена университетінде дайындық бөлімі құрылған: толық оқу курсы 600 доллар тұрады. Вена университетіндегі неміс тілі курсы ресми түрде Австрия бойынша ең үздік деп танылған. Курсты бітірген соң оқушыларға тест ұсынылады, тесттен кейін студент өзі қалаған мамандық бойынша білім ала алады.
АҚШ-та білім алу Еуропамен салыстырғанда айтарлықтай қымбатқа түседі. Бірақ оның өз басымдықтары бар. АҚШ-та мамандықтардың неше түрі кездеседі (Африка халықтарының тарихынан бастап ядролық физикаға дейін). Оқу бағдарламалары нақты кадрларға зәрулік танытатын жетекші корпорациялар мен кәсіпорындармен тығыз байланыс арқылы дайындалған! Америкада адам өзін еркін сезінеді дегендей, мұнда өзін танытқысы келетіндерге үлкен еркіндік берілген. Технологиялары жетік. Таңдау мүмкіндігі көп. Қай семестрде, қандай курстарды оқитынын, қай мұғаліммен, қанша сағат оқитынын студенттің өзі шешеді. Білім жүйесі жаһандық үрдістер мен жалпыәлемдік құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, студент кампуста өз бетінше күнін көріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды.
Классикалық америкалық кампус бақытты да толыққанды өмірге қажеттінің бәрін ұсынады: оқуға да, өмірге де қолайлы оқу корпустары, спорттық ғимараттар мен алаңдар, ресторандар, кафе мен клубтар, бос уақытта жұмыс істеу мүмкіндігі және т.б.
Студенттік мигранттар үшін күрес жолында Қытай университеттері техникалық және әкімшілік базаларын жабдықтау үшін, зерттеулер жүргізіп, шетелден мамандар шақыру үшін үкіметтен қомақты қаражат алады. Мәселен, Пекин университетінің бюджетін Гарвард бюджетімен салыстыруға болады! Шетелдік студенттерге арналған стипендиялар көптеп бөлінеді, әсіресе, қытай тілі мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына.
Құрлықтық Қытайдан бөлек, Гонконг университеттерін де атап өтуге болады. Ол жерде Британияның отарлауынан мұра ретінде қалған ағылшын тілі кеңінен танымал. Көптеген курстар ағылшын тілінде оқытылады. Бұл да өз кезегінде шетелдік студенттер үшін тартымды болмақ. Гонконгтегі тоғыз университеттің бесеуі әлемдегі ең үздік 200 университеттің тізіміне кіреді (QS рейтингі). Ең қызығы, Қытайда білім алу жылына 2000 доллардан аспайды. Бірақ қатты қиялға берілмеңіз, шындап келгенде, Қытайда қытай тілін білмей ештеңе істей алмайсыз.
Кейбір беделді университеттерге түсу үшін қосымша емтихандар тапсыру қажет. Ал тіл үйрететін курстарға түсу оңай — 18 жасқа толсаңыз және толық орта білім мектебін бітірсеңіз болды, басқа талап қойылмайды.
Ғылымды қаржыландыру бойынша Жапония әлем бойынша үшінші орында, ал ғылыми фундаменталды зерттеулер бойынша көш бастап келеді, әсіресе, жоғары технологиялар, биомедицина және роботтық техника салаларында. Шетелдік студенттер үшін визалық тәртіп жеңілдетілген, тұрмыстық жағдай жақсартылған, жұмысқа орналастыру бағдарламалары жұмыс істейді. Жапонияда оқу құны жылына 5000 доллардан бастап 8000 долларға дейін барады.
ЖОО-ларда болашақ студенттерге қойылатын талаптар әртүрлі болуы мүмкін. Кей жерде жалпыұлттық бірыңғай емтихан тапсыруды талап етуі мүмкін, кей жерде оқуға түсу үшін арнайы сынақтан өтесіз. Шетелден келетін барлық студенттерге қойылатын міндетті талап — жапон тілі бойынша біліктілік емтиханын тапсырды деген сертификаттың болуы.
Айтпақшы, Жапонияның оқу бағдарламалары өте күрделі. Мұғалімдер өзстуденттерінің білімін үнемі бақылап отырады. Ал үйге берілген тапсырмаларды орындау кейде 6 сағатқа дейін созылады. Жұмыс істеуді қалайтын студенттердің жұмыс істеуіне рұқсат беріледі (бірақ жұмыс уақыты күніне 4 сағаттан аспауы тиіс). Дегенмен, әдетте, жұмыс істеуге уақыт болмайды.
Бұл ел студенттер саны бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Университеттерде шетелдік оқу орындарымен студент алмасу бағдарламалары жақсы жолға қойылған. «Интернационалдық көрсеткішін» арттыру үшін, әрі халықаралық рейтингтердегі беделін көтеру үшін мемлекет шетелдік профессорларды көптеп шақырады. Бұл өз жемісін беріп отыр. Оқу бағасы орта есеппен жылына 1500 – 5000 долларды құрайды. Мемлекеттік оқу орындарымен салыстырғанда жекеменшік ЖОО-ларда оқу қымбатырақ. Сөйте тұра, жекеменшік ЖОО-лардың білім сапасы біршама төмен.
Мемлекеттік ЖОО-ларға түсу үшін шетелдік абитуриенттер ел азаматтарымен бірдей бірыңғай емтихан және TOPIK тестін (Test of Proficiency in Korean) тапсырады. Беделді оқу орындарын бітірген, дипломындағы алған бағалары жоғары жас мамандардың орташа жалақысы айына 2000 доллар (Samsung, Hyundai сияқты ірі компаниядарда 3000 доллар).
Сингапурдың білім жүйесі әлемдегі ең тиімділердің бірі саналады. Сингапурлік ЖОО-ларды айтпағанда, мұнда әлемдегі ондаған жетекші университеттер өз филиалдарын ашқан. Ел үкіметі білім саласын дамыту мақсатында миллиардтаған қаржы жұмсайды.
Сингапурда оқудың артықшылықтары көзге ұрып тұр: ағылшын тілі, британдық білім жүйесі, оқытудың әлемдік стандарттары, заманауи экономикалық талаптар, қауіпсіздік және өмір сүрудің жоғары деңгейі. Ағылшындардың ықпалымен Сингапурде орта білімнің 12 жылдық жүйесі қолданылады, сол себепті 11 жылдық мектепті бітірген абитуриенттер дайындық бағдарламасынан өтеді, немесе посткеңестік кез-келген ЖОО-ның бір
курсын оқып, ағылшын тілін меңгеру тестінің нәтижесін (IELTS немесе TOEFL) ұсынуы керек. Оқуға түсу үшін қосымша тестілеу жүргізіледі. Егер тесттен сәтті өтсе, студенттің оқу құны жылына 5400 доллардан 12 000 долларға дейін барады.
Әрбір студенттің арнайы карточкасы болады, лекция басталарда оны сканерден өткізесіз, осылайша студенттің сабаққа қатысқаны не қатыспағаны анықталады (лекцияға қатысу көрсеткіші 90 пайыздан төмен болған жағдайда шетелдік студенттердің визасы жойылып, оқудан шығарылуы мүмкін). Бұл карточка, «университеттік төлқұжат», университет аумағындағы барлық жерде қолданылады, мысалы, кітап алу үшін кітапханада. Бұл өте ыңғайлы. Университет бойынша барлық жұмыстар сайт арқылы жүргізіледі. Әкімшілік деңгейдегі әңгімелер болмайды (біздегідей «деканатқа барып кел» дегендей). Бәрі – виртуалды түрде жүргізіледі. Жүріс-тұрыстың жалпыға тән ережелері бар: аудиторияда «досым үшін» деп бос орынды сақтап отыруға болмайды, қоқыс тастауға, заттарыңызды қараусыз қалдыруға болмайды. Баратын жерге кешікпеген жөн, жақсы киініп, лекцияның алдында телефонды өшіру немесе дыбыссыз режимге қою керек. Егер «шпаргалкамен» ұсталсаңыз, немесе емтихан кезінде сөйлесіп отырсаңыз — бірден университеттен шығарып жібереді.
Бұл елде білім берудің халықаралық стандартын Малайзияның білім министрлігі мұқият бақылайды. Барлық жекеменшік және кейбір мемлекеттік университеттерде оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, сол үшін Малайзияға шетелдік студенттер көптеп келіп, көпұлтты студенттік орта қалыптасады. Малайзиялық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік бағдарламаларының арқасында студенттер ең үздік деген әлемдік оқу орындарының дипломдарын ала алады, тіпті, кейде студенттің оқыған жері де көрсетілмейді.
11 жылдық мектеп бітірген аттестаты бар студент алдымен дайындық бағдарламасынан өтуі тиіс (Foundation Programme). Сол жерде студент пәндер бойынша өзінің академиялық білімін жетілдіріп, ағылшын тілін тереңірек меңгереді.
Малайзия университеттерінде біреуден сабақ көшіруге жол берілмейді. Біріншіден, ол жерде мұндай әдет жоқ. Екіншіден, плагиатпен көзге түскен студенттің жазасы қатал — оқудан шығарылады. Оқу бағасы қолжетімді: жылына 3500 доллардан бастап 7400 долларға дейін.
Әрбір университеттің немесе колледждің өз сайты бар, студенттер сол сайт арқылы сабақ кестесін анықтай алады, ағымдағы шаралардың жай-жапсарын форумда талқылап, курс кураторына өз сұрақтарын қоя алады. Ал куратор міндетті түрде сұрағыңызға жауап береді! Тағы бір қосымша артықшылығы: Куала-Лумпурдегі Olympia College оқу бағдарламасын тәмамдасаңыз, сіз University of Derby (Ұлыбритания) дипломын аласыз. Әрі ол үшін Еуропамен салыстырғанда азырақ ақша төлейсіз.
13.05.2014 Пікір жоқ