Мейрамхана қонақтары билеуге кеткенде егеуқұйрық дастархандағы тағамнан дәм татпақшы болып, үстелдің үстіне шығыпты. Бейнежазбаны Алматы облысы Өтеген батыр ауылндағы кафелердің бірінде дем алмақшы болған қонақтар түсіріп алыпты. Жазбадан үлкен қара егеуқұйрықтың үстелдегі тағамдар арасында асықпай „қыдырып„ жүргенін байқайсыз, тіпті, өзін адамдардың байқағанын аңдаған ол аспай-саспай, үстелден маңғазадана түсіп кете барған.
Қаржы мекемелері қызметкерлерінің бірі қызмет бойынша лауазымының жоғарылауын атап өтпекші болып, достарын кафеге шақырыпты. Алайда ас мәзірі түрлі тағамға бай, сырт көзге тартымды көрінген көңіл көтеру мекемесі қонақтарға жағымсыз „тосынсый„ дайындапты. Кезекті биден оралған қонақтар өздері отырған дастархан басында маңғаздана тайраңдап жүрген үлкен қара егеуқұйрықты көрген.
Шақырылмаған қонақ дастархан иелерінен имене қоймаған, бірнеше ыдысқа салынған тағы бірнеше тағамнан ауыз тиген ол, зып етіп дастарханнан ғайып болыпты.
Бұған наразылық білдірген қонақтар даяшыларға жүгінген, бірақ олар өздерінің мекемелерінде „егеуқұйрықтың жүруі мүмкін емес„ деп, бет қақтырмаған. Тағы бірнеше күннен кейін кафенің иесі өзгергенін көлденең тартқан.
— Біз, әзірше, санэпидемстанцияға шағымданған жоқпыз, бірақ солай жасау жоспарымызда бар, – дейді салтанатты дастархан иесі Баян. – Біз шағымданғаннан кейін кафе әкімшісінің ештеңе болмағандай сыңай танытып, ешқандай шара қолданбағаны ызаландырды.
http://youtu.be/2KHVX8NX4uE