Жүргізуші куәліктеріндегі тырнақ іздері жайдан-жай жасалмайды, дейді тіс қаққан тәжірибелі жүргізушілер. Кей білгіштердің айтуынша, бұл белгілердің «ерекше мағынасы» бар, – солар арқылы жол полициясының қызметкерлері жүргізушілердің психологиялық ерекшеліктерін анықтап, кімнің қандай жүргізуші екені жайында, кіммен қалай тілдесу керектігі туралы бір-біріне жасырын ақпарат береді. Біз мұндай белгілердің бар екені қаншалықты шындық екенін сарапшылардан сұрастырып көрген едік.
– Мен ондай жасырын белгілер туралы естігем, бірақ өз өмірімде әлі көрмедім, – дейді Автокөлік жүргізушілері тәуелсіз одағының төрағасы Эдуард Эдоков. – Менің жүргізуші куәлігім 1994 жылдан бері бар, бірнеше рет ауыстырып үлгердім, бірақ ондай нүкте-ноқат, тырнақ іздерін көрмедім. Тіпті таныстарымның арасында да куәлігінде белгісі барларды кездестірмедім… Бірақ біздің полицейлер ондай белгілер қолданудан тайынбайтынын жоққа шығармаймын.
Қазақстанда жүргізуші куәлігіне қатысты белгілер жүйесі бар ма? Интернеттегі сұраныстарға, түрлі талқылауларға қарасақ, бұл сұрақ әрбір жүргізушіні, интернет пайдаланушыларының көпшілігін мазалайды екен. Біреулер ондай белгілер жүйесін «классикалық жүйе» деп, оның жол сақшыларының қолданысы үшін ыңғайлы екенін мойындайды. Тіпті бұл жүйенің әлі де ғасыр бойы жұмыс істей беретінін айтады. Интернет-форумдар, блогтар мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға сенсек, көпшілік тіпті өзінің жүргізуші куәлігінен сондай белгілердің бар екенін байқапты:
«Бірде жол полицейлері менің куәлігімді тартып алып, мен комбаттың атына арыз жазғаннан кейін бірақ қайтарып берді. Бірақ кері қайтқан куәлігімдегі суретімнің үстінде «К» деген қолдан сызылған әріп қасқайып тұрды. Енді осындай белгіден кейін жол полицейлері мені рет келген жағдайда аямай қудалайтын шығар деп едім, керісінше, менен қорқып, тез жібере салатын болды. Бірнеше рет полицейлерден тез құтылғаннан кейін куәлігімді «қасақана жоғалтып» ауыстырып алайын деген ойымнан қайттым».
«Белгілерді талай рет байқағам. Әсіресе полицейлермен дауласқан жағдайлардан кейін куәлігімде нүкте пайда болады. Бірақ мен сылап-сипап, үтіктеп болса да ондай белгілердің көзін тез жоюға тырысамын. Куәлігімді ешкім әлі тескен жоқ, бірақ тырнақпен салынған нүктелер болды. Құлақтың жанынан, көздің тұсынан, т.с.».
Алайда кейбір мамандар ондай белгілердің «заманы өтіп кеткенін» айтады:
– Белгі қоюдың ешқандай жүйесі жоқ, – деді бізге Әкімшілік полиция комитетіндегі бейресми дереккөз. – Мүмкін, кеңес одағының кезінде болған шығар, қазір ондай нәрсе атымен жоқ. Қазіргі куәліктер пластиктен жасалады, оны ешкім де тырнап жатпайды. Оның үстіне жүргізушінің кім екені, оның бұрын қандай ереже бұзғанына қатысты деректерді дерек қорынан оп-оңай алуға болады. Интернетте талқыланып жатқан жағдайлар ресейлік куәліктерге қатысты болса керек, біздікі емес.
– Бұл тақырып біздің форумда әлдеқашан талқыланып қойған, бұл жай ғана болуы мүмкін нәрсе емес, біздің қатысушыларымыздың басынан талай рет өткен жайт, – дейді«ОСА» (Автомобилистерге көмектесу қоғамы) қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Руслан Лазута. – Жүргізуші куәлігі бойынша жүргізуші туралы барлық ақпаратты алуға болатын дерек қоры – баспасөзге қарата айтылған ертегі ғана. Инспекторлар мініп жүрген көліктердің көпшілігі ескі-құсқы, оның ішінде ешқандай құрал-жабдық жоқ. Сол себепті олар әлі күнге дейін куәліктерге нүктелер салады, тырнайды, кеседі, бүлдіреді. «Белгілерді танитын» тәжірибелі автоинспекторлар ереже бұзған жүргізушінің кім екенін, одан не күтуге болатынын жылдам анықтай алады. Жүргізуші дауласса, – куәліктегі суретінің мойнына нүкте салады, қырсығып тұрып алса – маңдайына нүкте салады. Мұндай нәрсе әлі бар.
[gallery ids=»9737,9738,9739,9740,9741,9742,9743″]