Отандық телеарналардың бірі, «Еуразия» Бірінші арнасы футболдан әлем чемпионатының көрсетілімдерін жүргізуге дайындалып отырған қазақстандық комментаторлардың қызметінен бас тартты. Арна басшылығының таңдауы қазақстандықтардың орнына ресейлік комментаторларға түсіпті. Бұл туралы «Sport Review» журналының спорттық комментаторы, әрі бас редакторы Дмитрий Мостовой мәлімдеді, деп хабарлайды Today.kz.
«Ресейлік комментатор Роман Нагучевтің интернеттегі конференцияда жариялаған мәліметінен қызық жаңалық белгілі болды. Ол өзінің отандасы әрі әріптесі Дмитрий Федоровпен бірге қазақстандық «Еуразия» Бірінші арнасынан көрсетілетін әлем чемпионатының ойындарын жүргізу үшін Қазақстанға келмек. … «Бірінші арнадағы» әлем чемпионатында менің әріптестерім Евгений Акманов пен Сергей Райлян жұмыс істеуі тиіс еді. Мен ол екеуіне де хабарласып едіп, олар да интернеттегі мәліметтен артық ештеңе білмейтінін жеткізді», — деп жазады Мостовой.
Журналистің айтуынша, арна басшылары Акманов пен Райлянға чемпионат басталардан екі-ақ күн бұрын, маусымның 10-ы күні ғана ресми түрде олардың қызметі қажет емес екенін жеткізіпті.
«Ал Роман Нагучевтің хабарлауынша, ол Федоровпен бірге «Еуразия» арнасымен комментаторлық жұмысы туралы сәуір айынан бері келіссөз жүргізіп келген екен. Сонда қазақстандық комментаторлар Райлян мен Акмановты телеарна екі ай бойы алдап келген. Оларды жұмысқа шақырып, трансляциялар кестесін қолдарына берген, бірақ әлем чемпионаты басталардан екі күн бұрын олардың керек емес екені белгілі болды. Тіпті бұл жаңалықты олар интернеттен біліп отыр», — деп жазады Мостовой.
Мостовойдың хабарлауынша, ол енді «Бірінші арнадан» әлем чемпионатының трансляциясын тамашалаудан бас тартады. Сондай-ақ, оның сөзінше, Сергей Райлянмен бірге жұмыс істеуі тиіс болған қазақтілді комментатор Нұржан Еркінұлы да «Бірінші арнаға» қызмет етуден бас тартты.