Алматыда екіқабат әйел мен оның 3 жасар баласын қаққан жүргізушісі ҚР Қылмыстық кодекесінің үш бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге салсақ, екіқабаттылықтың тоғызынша айында жүрген әйел мен оның үш жасар баласын 20-маусымда Жансүгіров және Жұмабаев көшелерінің қиылысында Lexus автомобилі қағып кеткен еді. Алматы ІІД-сі анықтау басқармасының мәліметтері бойынша, автомобиль жүргізушісі масаң күйде болған. Оны айтпағанда, ол қансырап жатқан зардап шегушілерді апат орнында қалдырып, апат орнынан кетіп қалған.
— Жүргізуші зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсетіп, дәрігерлер шақырудың орнына, шағын тұйық көшелердің біріне бұрылып, оқиға орнынан ізін суытпақшы болған. Осы орайда, апатқа куәгер болған 30-жасар келіншектің азаматтығын атағым келеді. Ол өжеттік танытып, кінәліні өз көлігімен қуып жетіп, жолын бөгеген. Медициналық куәләндіру жүргізушінің орта деңгейдегі масаң күйде болғандығын көрсетті, – дейді Алматы қаласы ІІД-і анықтау басқармасының бастығы Рустам Абдрахманов.
Жамбасы мен қабырғалары сынған екіқабат әйел ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің диагнозына сәйкес, бас сүйегі сынған оның үш жасар ұлы ауыр хәлде. Бала есін жия алмай, әлі комада жатыр.
— Осы факты бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша — 296 баптың 1-бөлімі (жол қозғалыс және көлік құралын пайдалану ережесін бұзу), 297-бап (жол-көлік апаты орнынан кету) және 119-бап (қауіпті жағдайда қалдыру), қылмыстық іс қозғалып,. тергеу амалдары жалғасуда, – дейді әңгімесін аяқтаған майор Абдрахманов.