Қазір Қазақстанда елімізге авиакеросин жеткізетін бірыңғай оператор құру мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ сарапшылар бұл бастамаға күмәнмен қарап, оның оң нәтиже беретініне сенімсіздікпен қарайды…
ҚР Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған жұмыс тобы үкіметте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына Қазақстан әуежайларына авиакеросин жеткізетін бірыңғай оператор функциясын беру идеясын талқылауда. Вице-министрдің пікірінше, осындай қадамның арқасында жанармай бағасын төмендетуге болады.
– Біз осы шара арқылы жанармай бағасын айтарлықтай төмендетуге болады деп жоспарлап отырмыз, өйткені осылайша зауыттар мен әуежайлар арасындағы делдалдар жойылады, – деді ол дүйсенбі, 16 маусым күні Парламент мәжілісінде өткен үкіметтік сағат барысында.
Алайда отандық сарапшылардың пікірі бұған қарама-қайшы болып отыр.
– Егер үкімет бірыңғай оператор құру идеясын қолдаса, бұл тек жанармай тапшылығы мен бағалардың өсуіне әкеп соғады, – деді 365info порталының сұрағына жауап берген «OilNews.kz» порталының бас редакторы, экономист Сергей Смирнов. – Мысалы, былтыр «ҚазМұнайГаз» компаниясы жанар-жағармайдың бірыңғай операторы болды, одан не шықты? Аи-92 бензинінің тапшылығы туындап, бағасы көтеріліп кетті. Авиажанармайға қатысты жағдай басқаша болады дегенге мен сенбеймін. Былтыр бензинге қатысты болған жағдай енді авиакеросинге келді.
Сарапшының сөзінше, «ҚазМұнайГаз» компаниясы — өте үлкен, әрі жайбасар мекеме, ол ешқашан ешкім үшін тегін жұмыс істемейді, ол жанармай жеткізсе, жанармай құнына өз маржасын міндетті түрде салады. Оның үстіне, нарықта еліміздің әуежайларына өз талаптарын орындататын монополист пайда болады.
– Әзірге нарықта бәсеке бар. Ол жақсы бәсеке ме, жаман бәсеке ме — білмеймін, бірақ бар, – деп қосады Сергей Смирнов. – Ал үкімет болса бәрін бір компанияның қолына ұстатып қойғысы келеді. Мейлі, ол компания мемлекеттік болса да, істейтін әрекеттеріне қарасақ, жекеменшік компаниялардан асып түседі. Оның жұмысының нәтижелерінен мұны байқау мүлдем қиын емес.
Айта кетсек, вице-министр Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, әуежайлардың өздері ел аумағында авиакеросинмен қамтамасыз ететін бірыңғай оператордың құрылуына мүдделі емес.