Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні, 11 маусымда Алматының Медеу ауданында белгісіз біреулер кезінде Жүргенов атындағы өнер академиясының мұғалімі болған профессор, қазіргі зейнеткер Полат Ильдаровтың пәтерін тонап кетті.
Қазір полицейлер келген шығын көлемін анықтап, күдіктілерді іздестіруде.
Ұрлық тұнде жасалған. Қылмыскерлер екінші қабаттағы пәтерге ас үйдің терезесінен кіріпті. Ол кезде пәтер иесі мен оның ұлы ұйқыда болған екен.
Пәтер ішін ақтарған қылмыскерлер ішінде шамамен 7-8 мың теңгедей ақша болған пәтер иесінің әмиянын, автокөліктің кілті мен монеталар коллекциясын ұрлап кетіпті. Монеталардың ішіндегі ең құндысының бағасы 5 мың долларға жуықтайды екен.
— Менің көлігім оталғанда, оның дыбысын естіп оянып кеттім, – дейді пәтер иесінің ұлы Искандер Ильдаров. – Ұрылар пульттегі түймелерді шатастырып, көліктің есігін ашудың орнына оны оталдырып алған болса керек. Мен не болғанын түсінген сәтте далаға атып шықтым, бірақ көліктің ішінде ешкім болған жоқ, есесіне көлік ішінің астан-кестеңі шығып жатты.
Қазір Медеу аудандық ішкі істер басқармасы түнде болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Полицейлер осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен бұрын осындай істермен сотталған тұлғаларды тергеуге кірісті.