Ертең, 18 маусым күні Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Естайдың Қорланы» атты қойылымның тұсаукесері өтеді, — дщеп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» атты махаббат-намасы — ғұмыр бойы таза, адал да пәк ғашықтық сезімдерін аялай білген қос мұңлық — Естай мен Қорлан жайындағы қойылым-дастан.
«Бұл қойылым жан дүниеңізге астан-кестен түрлі күйлерді кештіріп, махаббат әлемінің құдіретіне бас идірері хақ», — дейді театр әртістері.
Сол үшін өнер майталмандары көрермендерді жаңа қойылымды көріп, көңіл көкжиегін кеңейтіп, жан сарайымен бір серпіліп, рухани байып қайтуға шақырады.
Аталмыш қойылым өмір мен өнерде 40 жыл бойы қатар қанат самғап келе жатқан жарасымды жұп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу мерейтойларына орай сахналанып отыр. Қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов.