Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау жөніндегі басқармалардың таратылуын біздің порталға былай деп түсіндірді: «әкімдер өтінді». Атап айтарлығы, Білім және ғылым министрлігі аталмыш басқармалардың қызмет атқарған алты жыл ішінде 21 000-нан астам шағымдарды қарағанын жеткізді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 365info.kz порталына жолдаған ресми хатынан:
«Тәжірибе уақыт өткен сайын балалардың құқығын қорғау жөніндегі аумақтық департаменттердің, одан кейін басқармалардың көп ретте білім басқармаларының кейбір қызметтерін қосарлана атқаратынын көрсетті. Үкіметке және министрлікке облыс әкімдерінен балардың құқығын қорғау жөніндегі басқармаларды білім басқармаларымен біріктіру туралы ұсыныстар түсе бастады. Сондықтан ортақ іс мүддесі үшін қызметті қосарлана атқаруды жою мақсатында 2014 жылғы 30-қаңтарда Қазақстан Республикасының үкіметі «жергілікті мемлекеттік басқарудың негізгі құрылымынан балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқармаларды алып тастау туралы» №7 қаулы қабылдады.
Ал бұл басқармалардың орнын қандай орган басады? Әзірше, тек ұсыныстар бар: «ҚР Президентінің әкімшілігі балалардың құқықтарын қорғаудағы сабақтастықты сақтау, жинақталған тәжірибені тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдіктеріне балалардың құқығын қорғау жөніндегі қайта құрылымдалынатын басқармалар негізінде білім басқармаларының құрамында екі: қамқорлық және тұлғаны рухани дамыту мен өзін өзі тану бөлімдерін құруды ұсынды. «Қазіргі таңда, жергілікті атқару органдарының ақпаратына сәйкес, аймақтарда осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда», — деп хабарлады редакцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі. «Қамқолық бөлімі қиын жағдайға тап болған балалардың, оның ішінде, жетімдердің және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша өзекті мәселелермен айналысады, деп болжап отырмыз. Екінші бөлімнің міндетіне қоғамдағы рухани тәрбие мәселелерін ілгерілету, жалпы адамзаттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау кіреді».
ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауабында тағы бір қызығушылық тудыртын жолдар бар: «Бізде балалардың құқығын қорғау бойынша жаңа органдардың құрылуы туралы ақпарат жоқ».
Мүмкін, басқармаларды қысқарту үнемдеу ниетінен туындаған болар? Балалардың құқығын қорғау жөніндегі департаменттер мен басқармалардың қалыпты жұмыс істеуіне министрлік қанша қаржы жұмсады?
«Штаттық құрамы 270 адамнан тұратын балалардың құқығын қорғау жөніндегі 16 департаменттің қалыпты жұмыс істеуіне 2012 жылы республикалық бюджеттен 654 млн теңге бөлінген. 2013 жылы балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқармалардың жұмысына 622 млн теңге бөліну жоспарланған» – делінген Білім және ғылым министрлігінің жауабында.
Шынтуайтқа келгенде, үнемделген қаржы соншалықты қомақты емес. Ендеше, бұрынғы басқармаларды таратып, жаңаларын құрудың қандай қажеттігі бар еді?