— 2017 жылға қарай Қазақстанда экономикалық белсенді тұрғындардың саны 9,16 миллионға дейін өседі. Бұл туралы бүгін Алматыда «Демокаратия үйінде» «Әлеуметтік жаңғырту — жалпыұлттық жоба» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты Мәдина Нұрғалиева мәлімдеді, — хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 2012 жылдың 3-тоқсанында экономикалық белсенді тұрғындардың саны елімізде 8,54 млн. адам болған. Жалпы республика бойынша 2013-2017 жж. аралығында экономикалық белсенді тұрғындардың саны орта есеппен 127,8 мың адамға өспек.
«Қазақстанда экономикалық белсенді тұрғындардың саны артып жатыр. Бұл — үлкен әлеуетті күш! Солардың арқасында экономика саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады. Дей тұрғанмен, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқандар саны керісінше едәуір азая түседі. 2017 жылға қарай, бұл көрсеткіш, 23 пайызға дейін төмендейді. 2011 жылы ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқандардың үлес салмағы экономикалық белсенді тұрғындардың 26,5 пайызын құраған болатын. Яғни, ауыл тұрғындары әр түрлі жолдармен қалаларға шоғырлана түседі. Демек, индустриалды-инновациялық экономика үшін қосымша адам ресурсы босайды деген сөз», — деді өз сөзінде Мәдина Нұрғалиева.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі елімізде қолға алынған Әлеуметтік жаңғырту үдерісін сараптай келе, оның құрылымына тоқталды.
«Біле білсеңіздер, Әлеуметтік жаңғырту — бұл белгілі бір мақсат емес. Ол — тұрғындардың адами әлеуетті жүзеге асыруға қол жетімділігін қамтамасыз етуге арналған құрал. Жаңғырту — ол белгілі дәрежеде әлуметтік-экономикалық ахуалды заманауи ету. Бұл ескі жүйеден біржола бас тартып, жаңа жүйені жасау деген сөз емес. Ең бастысы, тепе-теңдікті сақтау қажет. Мұнда бірқатар маңызды факторлар бар. Олар: инновация. әлеуметтік жады және дәстүр. Бұл жерде жеке тұлғалар мен институттар алға шығады. Қазақстан үшін әлеуметтік жаңғыртудың көшбасшысы — ол Қазақстан Республикасының Президенті. Елбасы идеялар, жаңа жобалар туралы бастама көтереді. Ал институттар оларды жүзеге асырады. Үшінші фактор — ол дәстүр. Яғни, қалай болғанда да салт-дәстүрлерді сақтау өте маңызды», — деді Мәдина Маратқызы.
ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Саясаткерлер Конгрессі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.